БҚО-да Ресеймен шекарадағы ахуал түбегейлі өзгерді
Шекара бекетінде таксистер азайған
БҚО-ның Самара облысымен шектесетін «Сырым» шекара бекетіндегі ахуал түбегейлі өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мой город» порталынан алынған ақпаратқа қарағанда, бұдан екі күн бұрын аталмыш шекара бекетіндегі жүк көліктерінің кептелісі жеті шақырымға созылса, қазір анағұрлым қысқарған, шамамен екі шақырымдай.
Ресей жағындағы «Маштаков» шекара бекетінде Қазақстан тарапына өтемін деушілерге азық-түлік пен бензин үш есе қымбатқа сатылатын. 2 қазан күні жағдай мүлдем өзгерген. Алайда жолдың шеті тұрмыстық қалдықтарға толып қалған. Жел бос пакет, қағаздарды ұшырып әкетуде.
Сонымен қатар шекара бекетінде таксистер де азайған. Адамдар көп болған алғашқы күндері шекара бекетінен Орал қаласына дейін таксистер жолаушыларды 2 мың рубльге (16 мыңнан астам теңге) апарса, баға қазір екі есеге төмендеген.
Батыс Қазақстан облысына Ресейден 29 қыркүйек күні келген ресейліктің айтуынша, ол жолдасын күтіп тұр екен. 2 қазан күні Ресей тарапынан тек жүк көліктері мен өзбекстандық азаматтардың отыз автокөлігі байқалады.
«28 қыркүйек күні көптеген адам әскерге шақыру қағазын алды, сондықтан олар ешқайда шыға алмайды. Ал ішінара мобилизацияға ілікпегендер шекараны кедергісіз өтіп жатыр», – деді ер адам.
Қазақстан тарапынан жеңіл көліктер бойынша кезек жоқ.