Пышақ алып, түнде бөлмесіне баса көктеп кірген: Қарағанды жатақханасында студент 2 курстасын пышақтап тастаған
Зардап шеккендердің бірі екі ай бойы жансақтау бөлімінде жатып, 24 желтоқсанда көз жұмды
Оқиға өткен жылдың қазан айында болды. 17 жастағы жігіт жатақханада екі студентке пышақ салған. Олардың бірі кейінірек көз жұмды, деп хабарлады әлеуметтік желідегі «Патриоты Караганды» парақшасында.
Жанжалға жеке араздық себеп болған. Үш студент те бірінші курста оқыған және олардың арасында келіспеушілік болып тұрған.
22 қазанға қараған түні 17 жастағы студент пышақ алып, курстастары ұйықтайтын бөлмеге барған. Ол аяғымен құлыпталған есікті теуіп ашып, бөлмеге кірген. Жігіт екіқабатты кереуеттің төменгі жағында ұйықтап жатқан студентке пышақ ұра бастаған. Ол қарсылық көрсете алмаған. Кейін жас жігіт басқа бөлмедегі екінші құрбанына барады. Ол жігітке де бірнеше рет пышақ жарақатын салып, өз бөлмесіне оралған. Алайда күдікті оқиға орнынан полиция келгенше қашып кетпеген.
Зардап шеккендердің бірі екі ай бойы жансақтау бөлімінде жатып, 24 желтоқсанда көз жұмды.
Сот студентті ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі «кісі өлтіру», ҚК-нің 24-99-бабы «кісі өлтіруге оқталу» және ҚК-нің 149-бабы «тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу» бойынша кінәлі деп тапты. Оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталған студент жәбірленуші тараптардың бірінің пайдасына 5 миллион теңге, екінші отбасына 10 миллион теңге көлемінде ақшалай өтемақы төлеуге міндеттелді.