×

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: қазақтар тағы да чемпион атанды

Қазақстандық спортшылар финалда Қырғызстан құрамасымен бас жүлдені сарапқа салды

 Динара Амантай 02.10.2022 | 16:58
Фото: @ulttyqatsport.kz

Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық спортшылар көкпардан чемпион атанды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстандық спортшылар финалда Қырғызстан құрамасымен бас жүлдені сарапқа салды.

Дода өте тартысты өтті. Нәтижесінде қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, ел құрамасы топтық кезеңде Өзбекстанды 8:1, Моңғолияны 12:2 есебімен жеңді.

Аталған құрама сапында Ұлан Байтөреев, Абылайхан Нышанбеков, Құрманбек Тұрғанбек, Ынтымақ Әліпбаев, Құлажан Тоғайбаев, Бақытжан Әзімбай, Дәулет Айтан, Арман Жамалбеков, Есжан Құрманбай, Ислам Рәт, Айнабек Бердіқұл, Әділет Мамыт сынды спортшылар ел намысын абыроймен қорғады.

Сондай-ақ, бүгін көкпардың қырғызстандық нұсқасы саналатын көкбөрү спортынан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары кездеседі.

Оған қоса қазақ күресінен ел құрамасынан ерлерден Мақсат Исағабылов (80 келіден жоғары), Еламан Қойшыбаев (80 келі) бозкілемге шықса, әйелдерде Рауза Нұрмахамметова (55 келі), Зарина Сарипова Зарина (65 келі), Мөлдір Азамат (65 келіден жоғары) жүлделерді сарапқа салады.

Еске салсақ, бұған дейін қазақ күресінен Марат Нығматуллаев ел қоржынына алғашқы алтынды салғаны туралы хабарлаған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама