«Ұстаз – қасиетті мамандық». Президент педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Елімізде қазанның алғашқы жексенбісі ұстаздар күні ретінде аталып өтіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ұстаздарын бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұстаз деген - қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз - жоғары деңгейдегі тұлға. Ұстаздар күні құтты болсын! Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз, – деп келтіреді президенттің сөзін Ақорданың баспасөз қызметі.
Айта кетсек, Жыл сайын елімізде қазанның алғашқы жексенбісі ұстаздар күні мерекесі ретінде аталып өтеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2021-2022 оқу жылында елімізде 555 014 педагог еңбек еткен.
Былтырғы оқу жылының басында мектепке дейінгі ұйымдардағы педагог саны 96 723 адамды құрады, оның ішінде:
30 жасқа дейінгі педагогтер – 22,7% (21 931 адам)
30-дан 39 жасқа дейінгі педагогтер – 32,4% (31 363 адам)
40-тан 49 жасқа дейінгі педагогтер - 26,1% (25 259 адам)
50-ден 59 жасқа дейін – 16,2% (15 662 адам)
50 жастан жоғары – 2,6% (2 508 адам)
зейнеткерлік жаста – 2,5% (2 445 адам).
Ал жалпы білім беретін мектеп ұстаздарының саны өткен оқу жылында 385 830 адамды құрады, оның ішінде 80% астамы - әйел (311 623 адам).
Сондай-ақ, ұлттық бюроның мәліметі бойынша елімізде 36 378 педагог жоғары оқу орнында еңбек етіп жатыр.