×

Солтүстікке орыс қаптап жатыр...

Бұрын-соңды болмаған адам нөпірінің соңы не боларын кім білсін... 

 Халық үні 01.10.2022 | 20:43
фото: news.ru

Cолтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің бұқаралық ақпарат құралдарына берген деректеріне сүйенсек, қыркүйектің 21-25 аралығында облысқа 30 мыңнан аса Ресейлік келген екен. Олардың 20 мыңдайы 18-60 жас аралығындағылар.

Қазір Қызылжардың бұрындары көбіне бос тұратын қонақүйлері лық толған. Қазақтың кеңпейілділігімен көрші елден шекара асып келгендерге еріктілер көмек беріп, қамқор болып жатыр.

Бұрын-соңды болмаған адам нөпірінің соңы не боларын кім білсін, әйтеуір жұрттың шетелдіктер елде тұрақтап қалмас, жағдай түзелген соң отанына оралар немесе басқа елдерге кетер деген үміті бар. Ресми орындардың Ресейліктер Қазақстанды басқа елдерге өту үшін транзит жолы ретінде ғана пайдаланады дегенінен туған бұл үміт ақтала ма? Оны уақыт көрсетеді.

Қалай дегенмен де халық арасында Ресейден келгендер әр түрлі жолмен елімізде отырып қала ма деген күдігі сейілген жоқ. Мұндай үздіксіз ағылып жатқан шетелдіктер тобырының ішінде әр түрлі пиғылдағы адамдар болады, ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыскерлер де, тыңшылар да болуы мүмкін.

Кейбірі Ресейден келгендердің арасындағы елімізге пайдасын тигізетін мықты мамандарды, әсіресе, ақпараттық технология (IT) мамандарын жұмысқа тарту қажет деп мәз-мейрам болып жүр. Ал байыптап қарасақ Ресейліктер IT саласын өрге шығарады деуге негіз жоқ. Ақпараттық технология саласында кәсіби даярлығы да, білім деңгейі де, біліктілігі де Ресейліктерден асып түспесе кем түспейтін өз мамандарымыз жеткілікті. Тек солардың біразы өз елінде үкімет тарапынан қолдауға да, жалақыға да жарымаған соң еңбегін бағалайтын шет елдерде жүр. Өз елінде еңбегі, білімі еленіп жатса қазақтың дарынды азаматы Дархан Нұрмағанбетов АҚШ-тың NАSА ғарыш агенттігінде қызмет істер ме еді?

Ресейден келген «данышпандар» Қазақстанның ақпараттық технологиясын шың басына шығарады, үйретеді деп желігіп жүргендер құпия ақпараттар мен көпшілікке жариялауға жатпайтын деректер тасқынына оп-оңай қол жеткізе алатын шетелдік IT мамандарының ел қауіпсіздігіне төнетін қатер екенін ескергісі келмегені ме? Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, шекара қызметтері, басқа да жауапты орындар көрші елден келіп жатқандарды фильтрациядан өткізу, жіті тексеру, қадағалау ауқымында қандай жұмыс жүргізіп, алдын ала қауіпсіздік шараларын қолдану үшін нақты қандай жұмыс жүргізіп жатқаны туралы жарытымды ақпарат жоқ. Ал жартылай шындық өтіріктен де қауіпті. Сенімді көздерден шындықпен үйлесетін ақпарат болмаса, немесе шынайы ахуал туралы жарым-жартылай ғана айтылса ел ішінде неше түрлі қауесет жайылады. Мұнан соң «жалған ақпарат» таратқандарды май шаммен іздеп жұртты дүрбелеңге салудың мәні жоқ.

Abai.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама