×

Абай шахтасындағы апат: кеншілер 5% жеңілдікпен ипотека, 13-ші жалақы алатын болды

Кеншілердің талап қоюына «Абай» кенішіндегі қайғылы оқиға себеп болды

 Жандос Байділда 24.11.2021 | 13:20
фото: facebook

11 қарашада «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің еңбек ұжымы басшылығына 12 түрлі талап қойды. Кеншілердің талап қоюына бірнеше адамның өмірі қиылған «Абай» кенішіндегі қайғылы оқиға себеп болды. Сол күні Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасымен үшжақты келісім комиссиясы құрылды. Оған АМТ-дағы барлық сегіз шахтаның, «Қорғау» және «Жақтау» кәсіподақтарының, кәсіподақ комитеттерінің, «Өркен-Атасу» мен АрселорМиттал Теміртаудың және жергілікті атқарушы органдардың басшылығы кірді.

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кеншілер көтерген мәселелер шешімін табатынын айтты.

Біз Отбасы банкімен бірлесіп, облыс кеншілері мен металлургтері үшін 5% жеңілдікпен ипотекалық кредит беру бағдарламасын ұсындық. Кеншілер бұл бастаманы қолдады.

Келісу комиссиясы жалақыны индекстеу жөніндегі шешімге келді, ол әр жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейінен 100% көлемде жүргізілетін болады.

Желтоқсан айында Көмір департаментінде өндірістік және экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан біржолғы 13-ші жалақы төленетін болады, - деді облыс басшысы.

Әкім айтқан үш мәселе 12 қарашада Үкіметке жолданған. Қазір оны орталық мемлекеттік органдар қарастырып жатыр.

Еске салайық, 7 қарашада «Абай» шахтасында апат болып, алты адам опат болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама