Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей бұл бастама Қазақстанды ат спортының отаны ретінде танытуға мүмкіндік беретінін айтты
Қазақстан келесі әлемдік көшпенділер ойынын өз жерінде өткізуге өтінім берді. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әлібек Әлденей Астанада басталып, Түркістан жерінде аяқталған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің қалай өткенін жазды.
«Кеше рухани ордамыз Түркістанда Ұлы дала сарбаздарын марапаттадық. Соңғы екі аптада күндіз таңдайды кептірген ыстыққа, түнде бойды алған ызғарға қарамастан Ұлы даланың төсімен 1 200 шақырымды ат үстінде еңсерген ерлер қандай да мақтау-марапатқа лайық», - деді Әлібек Әлденей.
Айтуынша, марафон-бәйге барысында шабандоздар Астанадан Қорғалжын мен Баршынға өтіп, Алаша хан мен Жошы хан кесенесіне арнайы соғып, құран бағыштаған. Содан кейін Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласына барған.
Он екі күн оңай болған жоқ: бабы келіспеген талай тұлпар орта жолда мүдірді. Қамшысын шарт бүккен талай азамат «Келесі жылы қалай да жеңеміз!» деп серт етті. Намысшыл жігіттер командалық есептен шығып қалса да, «атымызды сынаймыз» деп доданы жеке-дара жалғастырды, - деп жазды Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі.
Сондай-ақ ережеде жеке жарысу болмаса да, кеудесінде оты бар жастар соңына дейін барған.
«Төрт облыстың командасы жүлделі орындарға ие болды. Бұл дода тек тұлпар жарысы болған жоқ. Осы жолы атбегілер, бапкерлер, шабандоздар мен жанкүйер ағайын – бәрі бір мақсатқа жұмылған, бірлігі ұйыған командалардың мерейі үстем болды. Көпшіл болу, өзгеге қол ұшын беру, адамға жанашырлық – далалық өркениетте ең ізгі қасиеттер екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік», - деп жазды Әлібек Әлденей.
Астанадан марафон-бәйгеге 19 өңірдің командасы аттанды. Түркістанда жүлдегер 4 өңір командасынан бөлек тағы 6 өңірдің 13 шабандозы арнайы ынталандыру сыйлығына ие болды.
«Ұлы көшпенділердің ұрпағына тән өжеттік, табандылық пен төзімділік танытқан азаматтарға қарап әрі мақтанып, әрі марқайып қалдық. Осы доданы ұйымдастыруға ұйытқы болған Ұлттық спорт қауымдастығы мен Мәдениет және спорт министрлігіне, «Самрұқ-Қазына» қоры, SportQory, «AMANAT» партиясы сияқты серіктестерге және жобаның ұйымдастыру комитетіне, 12 күн марафонмен бірге жүріп, ақпарат таратқан пресс-тур қатысушыларына – барлық әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын», - деп жазды ол.
Сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі сүйінші жаңалықты жеткізді.
Бүгінгі тағы бір сүйінші хабар – Қазақстан келесі Әлемдік көшпенділер ойынын өз жерінде өткізуге өтінім берді. Меніңше, Ұлы даланың мұрагері – Қазақстанды ат спортының отаны ретінде танытуға мүмкіндік мол, - деп түйіндеді Әлібек Әлденей.
Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйге 17 қыркүйекте Астана қаласында басталып, 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталды. Оған еліміздің әр өңірінен бір командадан қатысты.