Қытайға баратын теміржол салуды жоспарлап отырмыз – Тоқаев
Мемлекет басшысы жолдардың сапалы әрі қауіпсіз болу керектігін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесуде Семейдің халықаралық транзиттік сауданың маңызды орталығы болғанына назар аударып, бүгінде облыс екі ірі көршіміз Ресеймен және Қытаймен шектесіп жатқанын, еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салу жоспарланып отырғанын айтты.
Абай облысы тоғыз жолдың торабында Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Президент осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы қажет екеніне тоқталды.
Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет, – деді мемлекет басшысы.
Президент кездесуде осы орасан зор көлік-логистикалық, сауда-экономикалық әлеуетті толық пайдалану қажеттігін айтты.
Болашақта Семей өзіне Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларымен қатар еңбек адамдарын, инновация мен инвестиция тарта отырып, еліміздің қарқынды дамуына үлес қосатын шаһарға айналады деп санаймын. Абай облысы еліміздің дамуына серпін беретін қуатты аймақ боларына сенемін. Біз қайта шаңырақ көтерген облыстың көркеюі үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.