Halyq Uni логотип
×

Петропавлда тісін емдетуге барған ер адам бір айға жуық жансақтау бөлімінде жатты

Ер адамға операция жасалды

 Самат Жақып 30.09.2022 | 14:50
Петропавлда тісін емдетуге барған ер адам бір айға жуық жансақтау бөлімінде жатты
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысының тісін емдетуге барған 47 жастағы тұрғыны бір өлімнен қалды. Ер адам жағы ісіп, бес күн бойы үйінде ем-дом қабылдаған. Жағдайы нашарлаған соң медициналық мекемеге жүгінген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, ер адамның ауруы әбден асқынып кеткен. Артынша бірден ауруханаға жатқызылды. Науқастың жағдайы күрт нашарлап кеткендіктен хирург дәрігер оған операция жасаған.

Алайда бір тәуліктен кейін оның жағдайы тағы да нашарлаған. Себебі азаматтың мойны мен кеуде қуысына ірің тарап кеткен. Ер адамның иммун тапшылығына қатысты бірқатар ауруы бары анықталды. Мамандар 47 жастағы азаматтың кеуде қуысын ашып, іріңді тазалаған. Кейін ол бір айға жуық уақыт жансақтау бөлімінде жатты.

«Науқасқа операция жасалған соң, ол үш аптадай жансақтау бөлімінде жатты. Өз-өзіне әрең келді. Қазір ол толықтай жазылып, ауруханадан шығарылды. Қазір жағдайы жақсы. Егер уақытылы дәрігерлерге қаралмаса, оның арты өлімге әкеліп соғатынын естен шығармаған жөн. Стоматологтар жылына кем дегенде екі рет арнайы тексерістен өтіп тұруға кеңес береді. Ауырсыну кезінде тіс дәрігерлерінен көмек сұрау керек. Өйткені қабыну созылмалы ауруға айналуы мүмкін», - дейді Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасының жақ-бет хирургиясының меңгерушісі Ерназар Әділшін.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста осындай жағдайдан екі адам қайтыс болған. Сондықтан мамандар тіс ауруына бей-жай қарауға болмайтынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама