Halyq Uni логотип
×

Марафоншылар мәреге жетті: «Ұлы дала сарбазы» атағы мен қомақты жүлделерді кімдер иеленді?

Жарыстан шығып қалғанмен, жорықты өз еркімен жалғастырған 13 шабандоз да сыйлықтан құралақан емес

 Еркеғали Болатұлы 30.09.2022 | 11:34
Марафоншылар мәреге жетті: «Ұлы дала сарбазы» атағы мен қомақты жүлделерді кімдер иеленді?
коллаж: Halyq Uni

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне қатысушы шабандоздар елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды артқа тастап, мәреге жетті. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің марапаттау кеші «Түркістан арена» стадионы аумағында жалғасты.

Шараның жабылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей, «Ұлы дала жорығы» жобасының идея авторы Бақытжан Тұрлыбек және еліміздің көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Маңғыстау облысының командасы бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 24 миллион теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. 2-орыннан көрінген Жетісу облысының командасы 12 миллион теңге иеленсе, 3-орын иегері Түркістан облысының командасы сәйкесінше 9 миллилон теңге жүлдені қанжығаға байлады. Ал мәреге 4-орында келген Жамбыл облысының командасы 6 миллион теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды.

Сонымен бірге, жарыстан шығып қалған, бірақ жорықты өз еркімен жалғастырған бірнеше облыс құрамасынан келген 13 шабандоз 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Тағы бір еске сала кетсек, бұл марафон-бәйгені Мәдениет және спорт министрлігі, AMANAT партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған болатын. Сондықтан кеше Түркістанға жеткен шабандоздарды арнайы күтіп алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев марафон қатысушыларын құттықтады.

Міне, баршамыз Ұлы даланы дүбірге бөлеген, 1 200 шақырымды бағындырған айтулы аламанның қорытынды сәтін тамашалап тұрмыз. Бұл – бұрын-соңды болмаған марафон-бәйге. Отандық спортымыз үшін де, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Кеше ғана президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елді рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар, - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ ол бұл бірегей жоба келешекте де жалғасуы қажет екендігін ескертті.

Бәйге қатысушыларына арнаған сөзінде AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның ұлттық спортты, соның ішінде ат спортын дамытуға алдағы уақытта да айрықша атсалысатынын атап өтті.

Азамат пен арғымаққа сын болған айтулы аламан – «Ұлы дала жорығы» өз мәресіне жетті. Сарыарқа төрінен президентіміздің құттықтау сөзімен басталған бәйге түркінің алтын бесігі Түркістанда аяқталып отыр. Жаһанданудың жылқыдан басталғанын, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен шыққанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Оған энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысы дәлел. Енді осыны жаһанға паш етіп, қазақ қазанатының мықтылығын, атқа қонған азаматының ерлігін көрсеткен жоба жылдан-жылға жалғасын таба берсін. Барша қатысушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін! – деді Асхат Оралов.

Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей бәйге-марафонды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрлігі мен AMANAT партиясына алғыс білдірді.

Ұлттық спорт қауымдастығы бұл шараны әу бастан қолға алды, жан-жақты қолдау білдірді. Қауымдастық президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов қазір Түркияда өтіп жатқан көшпенділер ойынына қатысуда. Ол барша Түркістан жұртшылығына осы шараны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды. Осынау әлемде теңдесі жоқ бәйге-марафон отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа сайыс форматын енгізуге негіз болады деп сенеміз. Марафонды келешекте халықаралық деңгейде ұйымдастырып, Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) өткізетін жарыстар қатарына қосу жоспарланып отыр, - деді Әлібек Әлденей.

Бұл ретте 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен оған 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама