Қазіргі норма осындан алты жыл бұрын бекітілген
Үкіметтің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен ҚР тұтыну себетінен көкөністердің (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз) негізгі түрлерін қоса алғанда, халыққа неғұрлым қажетті және жиі тұтынатын тауарлардың 19 санатын қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ЕАЭО елдері арасында әлеуметтәік маңызы бар азық-түлік тізімінде айырмашылықтар бар. Мысалы, Ресейде шошқа еті, бөлінбеген мұздатылған балық сияқты дәстүрлі емес өнімдер бар. Алайда, олардың тізімінде Қазақстандағыдай сүзбе, айран секілді бізде бар кейбір өнімдер жоқ.
Беларусь тізімінде де негізінен балық өнімдері, ет консервілері, маргарин және т.б. қарастырылған. Ал сәбіз, пияз, қырыққабат секілді көкөніс өнімдері жоқ. Дегенмен, біз өз тізбемізді кеңейту бойынша ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз, деп жауап берді Ауыл шаруашылығы министрлігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына.
Жалпы, мамандардың айтуынша, ӘМАТ тізіміне кіретін халықтың минималды қажеттілігін қамтамасыз ететін нормалар әр 5 жыл сайын қарастырылып тұру керек. Ол тізімді жасауға келгенде, «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес, азық-түлік себетін мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормалары бойынша есептейді. Оны санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы уәкілетті орган Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.
Министрліктің жауабы бойынша, халықтың жан басына шаққанда дұрыс тамақтанудың қазіргі заманғы талаптарына жауап беретін Тамақ өнімдерін тұтынудың физиологиялық нормаларын қайта қарау жөніндегі ұсыныстарды қолдауға әзір. Бірақ мамандар ӘМАТ тізімі соңғы рет бекітілгелі бері 6 жыл өтсе де ол нормалар әлі қарастырылмай отырғанын айтады.
Тақырыпқа орай, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 0,1%-ға, ай басынан бері 0,5%, жыл басынан 19,5%-ға өсті.
Бір жылда 19,8%-ға қымбаттаған. Бұл былтырғы осындай кезеңдегі қымбатшылықтан 3,7%-дық тармаққа жоғары.
Ресми статистика бойынша өткен апта пияз 3,1%; сәбіз 2,1%; құмшекер 1,8% арзандаса, І санатты жұмыртқа 2,2% қымбаттаған.
Айта кетейік, бұған дейін Нутрициолог маманның әлеуметтік азық түрлерін көбейту керектігін айтқанын жазған едік. Сондай-ақ, ӘМАТ тізіміндегі азық-түлік бағасында да тәуелсіз талдау мен ресми статистика екі түрлі екенін көрсеткенбіз.