Halyq Uni логотип
×

Исламбек Салжанов: Ұлттық спортты дамыту – халықтың рухы мен ұлттың салт-санасын көтеру

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұлттық брендті қалыптастыруға арналған шара деп атады

 Халық үні 30.09.2022 | 11:00
Исламбек Салжанов: Ұлттық спортты дамыту – халықтың рухы мен ұлттың салт-санасын көтеру
Halyq Uni

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов 12 күнге жалғасқан «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Исламбек Салжанов мұны ат спортын дамыту ғана емес, ұлттық брендті қалыптастыруға арналған шара деп атады.

«Он екі күн бойы даламызды дүбірлетіп, ұлттық санамызды жаңғыртқан «Ұлы дала жорығы» өз мәресіне жетті. Он екі күн бойы үйде тақымын қысқан ұлттық спорт жанашырлары ең жүйрік сәйгүліктер мен ең мықты шабандоздардың шеберлігіне тәнті болды», - деп жазды Исламбек Салжанов әлеуметтік желідегі парақшасында.

29 қыркүйекте Түркістанда жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті жеңіске жеткен команданың еңбегін ерекше атап өтті.

1 200 шақырымды ең жылдам жүріп өткен Маңғыстау облысы командасының жеңісі кездейсоқтық деп ешкім айта алмас. Жарысқа бабы келіскен адай жылқысын қосып, командаға сайдың тасындай ең мықтыларды іріктеп әкелгені өз алдына, олардың күтімі мен бабын жасап жүрген бапкерлер мен атбегілердің еңбегі неге тұрады!, - деп жазды Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ үздік үштікке енген Жетісу мен Түркістан облыстарының командаларына да баға берді.

«Олармен құйрық тістесе келген қос команда – Жетісу мен Түркістан облыстарының командалары да осал емес. Дәл осы жолы алға қойған мақсаттан таймай, діттеген межеге жеткен шабандоздардың ешқайсысы жүлдесіз қалған жоқ», - деді ол.

Исламбек Салжанов бұл шараның Ұлттық спорт қауымдастығы үшін орны бөлек екенін айтты.

«Үздіктер көрсеткішіне қарасақ, жүйріктер 1200 шақырымды 107-110 сағатта басып өткен. Халықаралық және жергілікті төрешілерден тұратын қазылар алқасы әділ төрелік жасады. Оған әр кезеңде аттардың сөреден аттанып, мәреден келген уақыты бейнекамераға жазылып, күнделікті нәтиже qazanat.com сайтында уақытылы жарияланып отырғаны дәлел. Ұлттық спорт қауымдастығы үшін бұл шараның орны бөлек. Идеясы айтылған кезден бастап оны толық жүзеге асырғанға дейін басы-қасында болдық. Біз үшін бұл – ат спортын дамыту ғана емес, ұлттық брендті қалыптастыру, руханиятымызды жаңғырту және елдің рухын серпілтуге арналған шара», - деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Сондай-ақ аламан жарысқа ат қосқан азаматтар мен ұлттық спорт жанкүйерлерін құттықтады.

«Алдағы уақытта ұлттық өзегі берік, заманауи форматтағы шараларды қолдай отырып, тың жобаларды қолға алсақ деген ойымыз бар. Ұлттық спортты дамыту – халықтың рухы мен ұлттың салт-санасын көтеру», - деп түйіндеді Салжанов.

Айта кетейік, марафон-бәйге 17 қыркүйекте Астана қаласында басталып, 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталды. Оған еліміздің әр өңірінен бір командадан қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама