Хромтаудағы өрт салдарынан 4 адам жансақтау бөліміне түсті
Өрт алаңы 120 шаршы метрді құрады
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында жеке үйдің ауласындағы жазғы үй өртеніп, салдарынан 4 адам жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бүгін түнгі 1:16-да 101 құтқару қызметіне Целинная көшесі мекенжайы бойынша жеке үйдің ауласында орналасқан жазғы үй өртеніп, жапсарлана салынған гаражқа ауысқаны жөнінде ақпарат келіп түскен.
Гаражда тұрған «Тойота Камри» маркалы жеңіл автокөлігі толықтай өртеніп кетті. Оған газ жабдықтары қондырылғаны анықталды.
Өрт сағат 2:15-те сөндірілді. Өрт алаңы 120 шаргы метрді құрады.
Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар гараж ішінен тұрмыстық газ баллонын шығарды, ауладағы бөлек тұрған жеке үйге өрттің көшуіне жол берілмеді.
Өрт салдарынан 4 адам термикалық күйік алып, аудандық орталық аурухананың реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы ауыр.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.