Оқиға бүгін болған
Қызылорда облысында 64 жастағы адам белгісіз жағдайда суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға бүгін, 29 қыркүйекте түнгі сағат 1.10 шамасында болған.
Төтенше жағдайлар қызметіне Сырдария өзенінің Байқоңыр қаласындағы тұсында орналасқан жылжымалы көпірден 300 метр қашықтықта адамның суға батып кеткені жөнінде хабарлама түсті. Хабарламада суға батып кеткен адамның Қызылорда қаласында тұратын 1958 жылғы азамат екені анықталды.
«Аталған хабарлама бойынша жедел құтқару жасағының Қамыстыбас елді мекеніндегі бөлімінің мамандары 07.10-да Байқоңыр қаласына келіп жетті. Сағат 07.30-да іздестіру жұмыстары басталып кетті. Оқиға орнында жасақтың 1 техникасы мен 4 қызметкер жұмыс жасады. Сағат 11.10-да суға кеткен азаматтың денесі табылып, жағаға шығарылды», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.