«Мазарға әкелгенде, көміп кете ме деп ойладым»: қырғыз музыканты өзін азаптаған 10 полицейді көрсетті

Халық үні

Рузахунов өзіне көрсетілген 384 суреттің ішінен 10 полицейді таныған

коллаж: еxk.kz

Викрам Рузахунов қаңтардағы бүлік кезінде оған күш көрсеткен Алматы облыстық Полиция департаментінің қызметкерлерін танып қойған, деп хабарлайды exk.kz.

Музыкант бұл туралы Instagram-дағы жеке парақшасында жазды. Өзінің айтуынша, ол қыркүйектің 26-27 күндері Алматы облысына келіп, қаңтардағы оқиғалар бойынша түсінік берген. Одан жауап алу 5 сағатқа созылыпты. Рузахунов өзіне көрсетілген 384 суреттің ішінен 10 полицейді таныған.

Викрам Рузахунов қаңтардағы бүлік кезінде оған күш көрсеткен Алматы облыстық Полиция департаментінің қызметкерлерін танып қойған. 

Сондай-ақ музыкант әскерилер мен полицейлердің Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды ұрып-соғуға пайдаланған жерлерін де көрсетіпті.

Бейнежазбалардың бірінде ескі қора түсірілген. Викрам Рузахуновтың айтуынша, қолға түскен адамдар уақытша қамау қапасына жіберілмес бұрын сонда азапталған.

Сондай-ақ Рузахунов Тарғап ауылындағы ескі мазардың да орнын көрсетті. Айтуынша, оны осында да алып келген.

Мазарға әкелгенде мені атып өлтіріп, көміп кете ме деп ойладым. Қасымдағы адамдардың кейбірі жылап, кейбірі Құдайға жалбарына бастады, - деп еске алады ол.

Алайда кейіннен Рузахуновты Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау қапасына алып келген екен. Дәл осы жерде оны аяусыз сабаған көрінеді. Тәртіп сақшылары Қырғызстан азаматының басынан теуіп, қылқындырып, шынжырмен ұрған.

Мұнда келіп, маған төнген қауіп-қатердің әлі де бар екенін түсініп тұрмын. Себебі, мені қинаған адамдар әлі де болса өздерінің лауазымды орындарында отыр. Алдағы уақытта олармен бетпе-бет кездесеміз, - деп жазады ол.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардағы оқиғалар кезінде Алматыда жұмыстарымен жүрген қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталған болатын. Кейіннен ол босатылып, еліне қайтқан. Артынша Қазақстанның Бас прокуратурасы оны жауап алу үшін шақырған болатын.