Торғай өңірін дамытуға арналған ірі бизнес-жобалар таныстырылды
Арқалық қаласында кәсіпкерлердің форумы өтті
Арқалық қаласында Қостанай облысының оңтүстік өңірлерін дамытуға арналған инвесторлардың бизнес-форумы өтті.
Басқосуда кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері сөз сөйлеп, Торғай өңірін дамытуға арналған жоба-жоспарларды талқылады.
Қостанай облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Аслан Жаныспаев облыстың оңтүстік аудандарының экономикалық әлеуетін дамыту мәселесі көптен бері айтылып келе жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарында 462 млрд теңгеге 35 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бәрі іске асса, 4, 4 мыңнан астам адамға жұмыс орны ашылады. Мысалы, Арқалық маңындағы «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС 2027 жылға қарай тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастауды көздеп отыр. Осында 1200 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Арқалықта, Амангелді және Жангелді аудандарында «SRS Holding LTD» холдингі құрамында алтыны бар полиметалл кендерін өңдейтін үш зауыт салу жоспарда бар. Оған 49 млрд теңгеден асатын инвестиция тартылады. Бұдан басқа алдағы жылдары құны 24 млрд теңгеден асатын қуаты 48 МВт «Арқалық» жел электр станциясын салу мәселесі қарастырылып жатыр, – деді ол.
Бұған қоса агроөнеркәсіптік кешенде бірқатар жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Мысалы, «Алюминстрой» компаниялар тобы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кластер құрып жатыр.
Сонымен қатар, диірмен кешені мен асыл тұқымды 2,5 мың бас ірі қара малға арналған репродуктор шаруашылығын салу жоспарлануда. Диірменде жылына 18 мың тонна ұн өндіріледі. Сол жерде қуаттылығы жылына 100 мың тонна майлы тұқымдарды өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Бұл нысандарға салу үшін 3 млрд теңгеден астам инвестиция жұмсалады. Онда қосымша 145 жұмыс орны ашылады.
Целинное ауылында «Ұрпақ Агро» ЖШС 10 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы іске қосылады. Оған жоба бойынша инвестициялар 4,5 млрд теңге жұмсалады. Онда 50 адам тұрақты түрде жұмыс істей алады.
Сондай-ақ форумда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі талқыланды. 2021 жылы облыс әкімдігі «Тобыл «ӘКК» АҚ-мен бірлесіп «Үміт» ЖШС-не былғары зауытты қайта қалпына келтіруге жағдай жасады. Кәсіпорынға қаржылық қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде 10 жылдан бері тоқтап тұрған зауыт қайта іске қосылды. Бұдан басқа, кәсіпорынға тігін цехын және сервистік дайындау цехын ұйымдастыру үшін грант түрінде үй-жайлар мен қосымша қаражат бөлінді.
Биыл тағы 2 жоба іске асырылды. Оларға 5 млн теңгеден гранттар берілді. Бұл жоба бойынша қайыс және былғарыдан өнімдер жасалады. Сондай-ақ биыл балалар ортопедиялық аяқ киімін өндіру бойынша жоба қолға алынды. Осылайша, тері зауытының айналасында шағын бизнес тізбегі қалыптасуда, – деді Жаныспаев.
Қорыта айтқанда, биылдан бастап Торғай өңіріне миллиардтаған ақша құйылады. Соны қайталап айтсақ, Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарында құрамында алтын және басқа құнды металлдары бар қазба байлықты өңдейтін 3 фабрика қолданысқа беріледі. Бұдан басқа, Арқалықта 315 млрд теңгеге тау-кен байыту комбинаты іске қосылады. Торғайда 28 млрд теңгеге аграрлық кәсіпорындар ашылады. Мысалы, Шеген ауылында 11 млрд теңгеге етті бағыттағы кешенді қожалық іске қосылады. Амангелді ауданында да миллиардтаған ақшаға экономикалық жобалар іске асады. Ең бастысы, ақшасы мен құжаты дайын.
Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарында миллиардтаған ақшаға инвестициялық кәсіпорындар ашылады.
Бұдан бөлек, Торғайға туристер тарту үшін «Torgai Tur» бірегей жобасы басталады. Бұның бәрі үлкен жұмыстың басы ғана.