Қазақстанның жемқорлықты бақылау индексі 6 позицияға өсті

Динара Амантай

Биылғы көрсеткіш еліміздің осы рейтингке қатысқан барлық уақыт ішінде ең жоғары көрсеткіш болып отыр

Фото: antikornews

Дүниежүзілік банк әлемнің 214 еліндегі ең беделді жыл сайынғы «мемлекеттік басқару индикаторлары» зерттеулерінің нәтижелерін жариялады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл зерттеудегі бағалау 6 индекс бойынша жүзеге асырылады: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Мемлекеттік басқарудың тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Реттеуші ортаның сапасы», «Саяси тұрақтылық» және «Халықтың пікірін есепке алу және мемлекеттік органдардың есептілігі». Нәтижелер процентиль шкаласы бойынша көрсетіледі – төмен көрсеткіштері бар елдердің пайызы көрсетіледі.

Агенттік өкілдерінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлықты бақылау индексі бойынша Қазақстан кестенің ортасында өз орнын алған. Өткен рейтингте біздің елден төмен нәтижелер елдердің 42% көрсетті, жаңа рейтингте – 48%. Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан өз позициясын 6 тармаққа жақсартты, ал жалпы соңғы 5 жылда екі еседен астам өсім байқалады.

Биылғы көрсеткіш еліміздің осы рейтингке қатысқан барлық уақыт ішінде ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Біздің елден кейінгі қатарларда Аргентина, Бразилия, Индонезия, Марокко, Сербия, Түркия және басқа да мемлекеттер орналасқан.

Деректер Bertelsmann Stiftung, Economist Intelligence Unit, Freedom House, Gallup, IHS Markit World Economic Service, IMD, PRS Group, World Justice Project, World Economic Forum және Varieties of Democracy Project бойынша есептелді.