Тұңғыш президент күні мемлекеттік мереке санатынан алынды
Президент «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Соған сәйкес елімізде Тұңғыш президент күні енді тойланбайды.
Сондай-ақ 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні ретінде белгіленді. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болды.
Айта кетейік, Тұңғыш президент күні 2012 жылдан бері мемлекеттік мереке деңгейінде тойланды.
2022 жылдың 7 қыркүйегінде Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 маусымындағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстандағы мерекелер туралы» заңға мынадай түзетулер енгізді: 25 қазанды Ұлттық мереке – Республика күні ретінде айқындау; 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу», - деді мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Ал 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау ұсынылды. Бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы бар өзге күндер секілді аталып өтеді. Сәйкесінше, қазақстандықтар 1 желтоқсанда демалмайды.
2022 жылдың 22 қыркүйегінде Сенат депутаттары Республика күнін қайтару туралы заңды қабылдады.
Айта кетейік, 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 25 қазан – Республика күні ресми мерекелер тізімінен шығарылған.