Мемлекет басшысы ұлттық жобаларға мониторинг жасауды жүктеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыста «Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту» атты жобаны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Оның айтуынша, жоба барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және заманауи көпбейінді орталық ауданаралық ауруханалар желісін ұйымдастыруға арналған. Әкімдіктермен бірлесіп 655 нысанның, оның ішінде 253 медпункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, ауыл халқына жедел медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге, қан айналымы жүйесі аурулары салдарынан өлім-жітімді 20 пайызға төмендетуге, өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Президент ұлттық жобалардың нақты нәтижелеріне жетудің маңыздылығын айтып, олардың іске асырылуына мониторинг жүйесін қамтамасыз етуді жүктеді.