РФ азаматтарының көбісі Еуропаға Финляндия мен Эстония арқылы барып жатыр
Латвия Ресеймен шекаралас аймақтарда төтенше жағдай енгізді.
Елдің үкімет сайтында жарияланған хабарламаға сәйкес, төтенше жағдай 28 қыркүйектен бастап Латвияның Алуксне, Балви және Лудза облыстарында үш ай бойы күшіне енеді. Режим әуежайларға, теңіз және теміржол шекаралық өткелдеріне де қолданылады.
Төтенше жағдайдың енгізілуі шекарада заңсыз көшіп келушілер санының көбею қаупіне қатысты болып отыр.
Қазір Латвия мен РФ шекарасында жағдай қалыпша, қатаң бақылауда, бірақ Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін өз елінен кеткісі келетін ресейліктердің саны айтарлықтай көбейді. Төтенше шаралардың мақсаты – осыған алдын ала дайындалу, – делінген хабарламада.
Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру басталғаннан кейін елдің ЕО елдерімен шекарасынан өткен ресейліктердің саны 30 пайызға артты. Олардың көпшілігі ЕО-ға Финляндия мен Эстония арқылы барып жатыр.