Өзбекстанда «Жалаңтөс Баһадүр» тарихи фильмі түсіріліп жатыр
Ол - қазақтың батыры, Әйтеке бидің атасы
Өзбекстанда «Жалаңтөс Баһадүр» тарихи фильмінің түсірілімі болып жатыр. Оның алғашқы эпизоды «Өзбекстан киносы күндері» аясында түсірілді.
Бұл туралы UZA ақпарат агенттігі хабарлады.
Жалаңтөс Сейітқұлұлы – Әйтеке бидің атасы. XVI ғасырда өмір сүрген қазақ батыры.
Жалаңтөс Сейітқұлдың әйгілі «Сегіз Сейітқұл» аталып кеткен сегіз ұлының бірі. 1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын бастап, Бұхараның ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті. Бұл соғыста Қазақ хандығы мен Бұхара хандығы ортақ жауға қарсы соғысу үшін одақтық келісімге келеді. Оған Жәңгір хан 100 мың қол бастап, соғысқа қатысады. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Кабул мен Мешхедті жаулап алған.
Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқандтан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындағы зиратқа қойылған. Осы күндері батырдың ұрпақтары Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұрып жатыр.