Бұдан басқа Тоқаев Samsung Electronics компаниясының басшысымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Қазақстандағы көлік қызметі саласындағы ең танымал мобильді қосымшалардың бірі – іnDriver-дің негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті.
Ол президентке елімізде компанияны дамытудың перспективалары туралы айтып берді.
Компания басшысының айтуынша, Астана мен Алматыда екі кеңсе ашылған. Сонымен қатар inDriver Astana Hub резиденті атанды.
Арсен Томский Spark цифрлық университетін құру және жастарды қолдауға бағытталған бірқатар коммерциялық емес жобаны іске асыру жоспарын жеткізді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Samsung Electronics компаниясының корпоративті президенті Ин Йонгмен Римен кездесіп, IT мамандарды даярлау, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және ғылым саласында ынтымақтастық орнатумүмкіндіктерін қарастырған еді.
Бұдан басқа Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы аясында өткен бірнеше іс-шараға қатысты.
Президентке Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі қызметі және Google for Startups компаниясымен бірлескен бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды. Сондай-ақ Alem бағдарламалау мектебі мен «Қазақстан халқына» қорының жобасы таныстырылды.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев стартап аллеясындағы әрбір жобаға арнайы тоқталып, компания өкілдерінің жетістіктерін тыңдады. Олардың бірқатары тек Қазақстан нарығымен шектелмей, шетел нарығына да шыға бастаған.
Мемлекет басшысына, атап айтқанда, аймақтық авиакомпанияларға арналған Farel авиациялық софттың жаңа буыны, Arbuz интернет супермаркеті, Zypl.ai жасанды интеллект зауыты, UvU Ridesharing балалар мен әйелдерге арналған қауіпсіз тасымалдау қызметі, Parqour ақылды тұрақ қызметі, сloud-есептеулерді жеңілдететін FIBO Cloud қызметі және Intebix криптобиржасы секілді стартаптарды таныстыру рәсімі өтті.
Түркияның Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мұстафа Варанк пен Өзбекстанның Ақпараттық технологиялар мен коммуникацияларды дамыту министрі Шерзод Шерматов өз елдеріндегі технопарктердің Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығына қатысты жоспарлары туралы айтып берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Blockchair, Playrix, EPAM, inDriver халықаралық IT-компанияларын Қазақстанға тарту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру нәтижелері туралы баяндалды. Атап айтқанда, Астана қаласының геоаналитикалық платформасы, E-gov денсаулық, Әлеуметтік әмиян және отбасының цифрлық картасы, Vet Mobile, E-Salyq Business, Жер телімдерін сату және жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді тіркеу жөніндегі онлайн аукцион сияқты цифрлық шешімдер мен KazNedra жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы жөнінде сөз болды.