Жәмішев «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды
Кеңес құрамына белгілі мемлекет пен қоғам қайраткерлері, сарапшылар, қаржы секторының өкілдері мен медиа-қоғамдастық өкілдері кірді
16-шы ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Кеңес құрамына белгілі мемлекет пен қоғам қайраткерлері, сарапшылар, қаржы секторының өкілдері мен медиа-қоғамдастық өкілдері кірді. Ашық дауыс беру арқылы, бір адамның қалыс қалуымен басым дауысқа ие болып, оның төрағасы ретінде «Қазақстан халқына» ҚӘҚ төрағасы Болат Жәмішев сайланды.
«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің жұмысы қаржылай шығындарды талап етпейді. Себебі кеңес мүшелеріне ешқандай еңбекақы төленбейді.
Қоғамдық кеңес – ең алдымен қоғамдық пікірді қалыптастырып, жетілдіру, «Самұрық-Қазына» АҚ атына азаматтардан келіп түсетін сауалдарды нақты ұсыныстарға айналдырып, Қордың басқару органдарына жеткізу құралы, – деді Жәмішев.
Алғашқы отырыста кеңес мүшелері «Самұрық-Қазына» АҚ-ты реформалау жоспары туралы баяндаманы тыңдады. Қор өкілдері жетілдіру үрдісінің алғашқы нәтижелерімен танысып, қоғамдық кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді. Қатысушылар қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелерді, соның ішінде кадрлық саясат, сатып алулар, «Самұрық-Қазына» тобының активтерін жекешелендіру, ұлттық компаниялардың қордаланып қалған проблемаларын жан-жақты талқылады.
Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев өз кезегінде қоғаммен ықпалдасу Қор қызметін жетілдіру және ұйымдастыру жолындағы маңызды тетік екенін тілге тиек етіп, кеңес мүшелерімен ашық диалог орнатуға әзір екенін жеткізді. Алғашқы отырыс қорытындысы бойынша, қоғамдық кеңес мүшелері Қор жұмысын жандандырып, оның ашықтығын қамтамасыз етіп, есептілігін арттыруға мүдделі екенін білдірді.
«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі 2021 жылғы желтоқсанда үміткерлерді ашық конкурс арқылы іріктеу жолымен қалыптасқан.Оның құрамына 10 адам кіреді (7-уі азаматтық қоғам өкілі, 3-уі – Қор қызметкерлері).