Halyq Uni логотип
×

Елімізге АҚШ кәсіпорындары көшіріледі – Тоқаев

Microsoft, Epam, Coursera сияқты компаниялардың басшыларымен келісім жасалды

 Дастан Жұмабекұлы 28.09.2022 | 14:35
Елімізге АҚШ кәсіпорындары көшіріледі – Тоқаев
фото: Ақорда

Президент Digital Bridge форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы жиында IT саласына қолайлы жағдай жасау мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті. Оның айтуынша, аймақ бойынша Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасаған елдердің бірі. Бұл нормативтік базаға да, IT бизнесті дамытудың бірегей режимдері мен құралдары бар арнайы платформаларға да қатысты. «Astana Hub» IT стартаптарының халықаралық технопаркі арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.

«Жуырда АҚШ-та Microsoft, Epam, Coursera сияқты компаниялардың басшыларымен кездестім. Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту, елімізге кәсіпорындарды көшіру жөнінде нақты келісімдерге келдік», – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан IT инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту ісін жалғастырады. Мемлекет басшысының айтуынша, трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін транскаспий учаскесінде әзербайжандық әріптестермен бірлескен жұмыстар басталған. Бұл жерде сөз Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа туралы болып отыр. Сонымен қатар Қазақстанға Cloud есептегіш нарығының ірі өкілдері саналатын Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud және басқа да компаниялар тартылып жатыр.

«Халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратын біздің еліміз үшін барлық азаматты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шалғайдағы ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталы спутник жүйесінің желісімен қамту жұмысын күшейтуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту ісі де еліміздің басым бағыты болады. Президент әлемнің бір орнында тұрмайтынын, технологияның одан әрі дами беретінін айта келе, Үкіметке цифрлық экономиканы одан әрі дамыту үшін қолдау шараларын дер кезінде ұйымдастыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама