Петропавлда жылу құбырынан ер адамның мәйіті табылды
Кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Солтүстік Қазақстан облысында құбырдан ер адамның мәйіті табылды. Мәйітті «Петропавл жылу желілері» бригадасының қызметкерлері жылу құбырын тазалау кезінде тапқан, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мәйіт облыс орталығындағы Амангелді – Брусиловский көшелерінің қиылысындағы құбырдан табылды.
Полиция департаменті қызметкерлерінің хабарлауынша, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Кісі өлімі фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Арнайы сараптама тағайындалды. Қайтыс болған адамның кім екені анықталып жатыр.
Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымына дайындық жүріп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында жылу беру маусымы қыркүйектің аяғында басталады деп жоспарланды.
Сондай-ақ облыста бір Жылу электр станциясы бар. Ол 1961 жылы салынған. Мұнда жылыту көзі ретінде көмір пайдаланылады.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында өндіріс және тұрмыстық қажеттілік үшін сұйытылған көмірсутекті газ пайдаланылады. Облысты газдандыру «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының 3-кезеңі аясында қарастырылған.