Еліміздегі ең ұзын көпір 2 жыл бойы қысы-жазы тоқтаусыз салынады
Тәулігіне 20 мыңнан аса автокөлікті өткізе алады
Қазір ШҚО Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Үш ауданды байланыстыратын бұл бірегей стратегиялық және әлеуметтік нысан ел президентінің тапсырмасымен былтыр қолға алынған болатын.
Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы 2021 жылы Күршім ауданындағы Құйған ауылының маңында басталған. Оның ұзындығы – 1300 метрден асады.
Ауа райы бізге шектеу қоймайды, қоя алмайды да. Біз жаңбырлы күнде, қарда, мұздың үстінде де жұмыс істей береміз, - деп аса сеніммен сөйледі «Облысшығысжол» ЖШС-нің көпір құрылысы бойынша орынбасары Нығматулла Абдухалков, «Астана» телеарнасына берген жауабында.
Көпір құрылысының барысымен өңір басшысы Даниал Ахметов барып танысып, құрылысқа ауыр металл және бетон қолданылып жатқанына көз жеткізді. Көпір тіректерінің ұзындығы 40 метрден асады. Бүгінде 21 тіректің 9-ы салынған.
Қазақстан үшін бірегей құрылыстың салынуы Күршім, Тарбағатай және Зайсан аудандарының логистикасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік ашады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ аймақтағы туризмге жаңа серпін бермек. Шалғайдағы ауылдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етіп, облыс экономикасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндік те жасалады деген сенім бар.
Көпір бойынан көлік айрықтары, су бұру және мал өтетін жолдар қарастырылған. Жауапты мамандардың айтуынша, өткел кеме қатынасына кедергі келтірмейтін көрінеді. Құрылыс аяқталса, онда бұл жол облыс орталығынан Күршімге дейінгі ең қысқа жол болмақ.
Енді тәулігіне 20 мыңнан аса автокөлікті өткізе алатын еліміздегі бұл ең ұзын көпір 2024 жылы желтоқсан айында тапсырылуға тиіс.