Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры ұсталды
Шуxрат Данбай Атырау мұнай өңдеу зауытын 2019 жылдың ақпаны мен 2021 жылдың шілдесі аралығында басқарды
16 ақпан күні кешке Алматыда Қаржы мониторингі агенттігінің тергеу-жедел тобы қызметкерлері Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайды ұстады.
Мәлім болғандай, тергеуді Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Ондағылар бұл ақпаратқа қатысты ресми еш нәрсе айта алмайтынын жеткізді.
Қазір белгілісі, Шухрат Данбайға аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алды немесе талан-таражға салды (ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-тармағы 2-тармақшасы) деген күдікпен айып тағылып отыр. Қазір оны Атыраудағы уақытша ұстау абақтысына жабу мәселесі шешіліп жатыр.
Шуxрат Данбай Атырау мұнай өңдеу зауытын 2019 жылдың ақпаны мен 2021 жылдың шілдесі аралығында басқарды.
Ол 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. «Қайнар» университетін тәмамдаған. Мұнай жеткізу және өңдеу, мұнай өнімдерін көтерме-бөлшек сату бойынша ірі коммерциялық құрылымдарға басшылық еткен.
«Қазатоммұнай» ЖШС, «Гелиос» ЖШС бас директоры, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ (ПМХЗ) бас директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы блогының атқарушы директоры, «Қазақстан - Отын-энергетикалық кешені» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарған.
2009 жылдың қыркүйек айынан бастап - «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-тың (2013 жылдың наурызында «ПМХЗ» ЖШС боп қайта құрылды) бас директоры. Шахрат Данбай басқарған 2009-2017 жылдары ПМХЗ-да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген-ді. Алайда, 2017 жылдың күзінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Шухрат Данбайды қатаң сынға алды. Ол басқаратын ПМХЗ-да дизель отынын өндіруге арналған қажетті сутегі өндіру қондырғысының бірнеше аптадан бері жұмыс істемей тұрғаны анықталды. Сол кезде дау-дамайға құбырдың жігін теріс дәнекерлеген дәнекерлеуші кінәлі деп танылып, Шухрат Данбайға бас директор лауазымынан «өз қалауы» бойынша кетуге тура келді.