Ресейден СҚО-ға келгендердің арасында жеті мыңнан аса әйел бар

Самат Жақып

Бірнеше күнде облысқа 30 мыңнан астам ресейлік келді

Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысына келіп жатқан ресейліктер саны азайды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір мемлекеттік шекарада жағдай тұрақты. Ұзын-сонар кезек жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«СҚО Ресейдің үш өңірімен шектеседі. Қазір шекарада азаматтарды өткізу штаттық режимде жүзеге асып жатыр. 21-25 қыркүйек күндері Қазақстанға келгендердің саны көп болса, қазір көрсеткіш біршама төмендеді. Себебі шекара қызметінің мәліметінше, көрші елде Ресей Федерациясының әскери міндетті азаматтарының елден кетуіне бақылау күшейтілген. Кейінгі 5-6 күнде Ресейдің 30 мыңнан астам азаматы СҚО-ға шекара арқылы өтті. Ал олардың 20 мыңға жуығы 18-20 жас аралығындағылар екені белгілі болды», - деді Дәурен Жандарбек.

Облыс әкімінің орынбасары Ресейден келгендердің барлығы СҚО-да қалмағанын айтады.

«Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір бізде 90 шетелдікке уақытша болуға рұқсат рәсімделді, оның ішінде Ресейдің 64 азаматы бар. 1 481 Ресей тұрғыны келгені туралы тиісті органдарға хабарлама берді», - деді ол.

ӨҢІР ПОЛИЦЕЙЛЕРІ КҮШЕЙТЕЛГЕН РЕЖИМГЕ КӨШТІ

Ресейліктердің жаппай Қазақстанға келуіне байланысты өңір полицейлері күшейтілген режимге көшті. Енді көшелердегі қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда болады.

«СҚО-ға келген 30 мың азаматтың ішінде 20 800 ер адам, 7 383 әйел бар. Барлығы СҚО-да қалып жатқан жоқ. Біздің облыс – транзит өңір. Жол жүріп кеткені де бар. Қала мен аудандарда криминогендік жағдай тұрақты. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 3-бөлігі бойынша Ресейдің үш азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар жол ережелерін бұзған. Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар тіркелген жоқ», - деді СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ермек Нүсірбаев.

Аймаққа келген Ресей азаматтары қазір ХҚКО-ға барып, тіркеуге тұрып жатыр. Алайда орталықта кезек жоқ. Петропавл қаласы әкімдігі көрші елден келгендер ХҚКО-ға баруы үшін арнайы автобус бөлді.