Ресейліктер елдеріне қайтарыла ма? –  министрдің жауабы

Дастан Жұмабекұлы

Біз РФ азаматтарын уақытынан бұрын елден шығара алмаймыз. Оған құқықтық негіз жоқ

фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ресейдің әскери комиссариаттары азаматтарына іздеу салса, оларды көрші елге табыстауға құқықтық негіздің жоқтығын айтты.

Ол «Қазақстан Ресейде ішінара мобилизациялаудан қашқан адамдарды елдеріне қайтара ма?», - деген сұраққа қайтарылмайды деп жауап берді.

Оның айтуынша, экстрадиялау шарасы қылмыстық іс қозғалған адамдарды ғана қатысты.

«Бізде Ресеймен өзара құқықтық көмек беру туралы мәселеде сотталғандармен алмасу және қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша келісімшарт бар. Ең негізгі қағидат – біз жақта да, ол тарапта да бұл қылмыстық жазаға тартылатын әрекет болуы керек. Оған қоса халықаралық іздеу жарияланған азаматты сұратып отырса, қылмыскерді анықтап, экстрадициялау тәртібі бойынша Ресей Федерациясына тапсырамыз», – деді Марат Ахметжанов.

Осы ретте, ол әскери мобилизацияға қатысты ойын айтты.

«Бұл жерде әскери мобилизация туралы әңгіме жоқ. Тіркеліп, санкцияланған, халықаралық іздеу жарияланған қылмыстық заң бұзулар туралы айтып отырмын. Ресейдің әскери комиссариаттары іздеу салатын болса, біз Ресей азаматтарын уақытынан бұрын елден шығара алмаймыз. Оған құқықтық негіз жоқ», –  деді министр.