Halyq Uni логотип
×

«Вахтерлерден айырмашылығы жоқ». Аймағамбетов мектеп күзетшілерінің жұмысын сынға алды

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерді күзету үшін арнайы оқу-жаттығу өткізуді ұсынды

 Халық үні 27.09.2022 | 15:32
«Вахтерлерден айырмашылығы жоқ». Аймағамбетов мектеп күзетшілерінің жұмысын сынға алды
көрнекі фото

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептегі күзетшілердің жиі ауысатынын сынға алып, бұл білім ордасындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететінін айтты.

Министр мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бұрынғы вахтерлерден еш айырмашылығы жоғын айтып, олардың жұмысына көңілі толмайтынын ашық білдірді.

Біз үшін бірінші кезектегі мәселе – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан, білім басқармасы шарттар жасасқанда талаптар мен конкурстық құжаттамада осы жайттарды ескеріп, қауіпсіздік компанияларынан барлық қажетті дағдылар мен құзыреттерді талап етуі керек. Осының бәрін байқау өткізу кезінде талапқа сай келтіру керек, - деді министр ведомствоның аппараттық жиналысында.

Ведомство басшысы мектептердің кез келген оқыс жағдайларға дайын болуы керектігін, оларға әрекет ету алгоритмін Ішкі істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірге жаңарту қажеттігін тағы ескертті.

«Мектептерде мамандандырылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда негізінен тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кейбір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті», - деді министр.

Еске сала кетейік, былтыр 11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке қару асынған адам кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Атыс салдарынан 11 адам қаза тауып, бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі де қауіпсіздік мәселесі қаралды. Сол кезде ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев Қазақстандағы мектептердің барлығы бақылау жүйесімен, ұжым мен келушілерді құлақтандыру құралдарымен, дабыл түймешегімен, рұқсатпен кіру жүйесімен және арнайы күзетпен міндетті түрде қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Ал, кеше, яғни 26 қыркүйекте Ресейдің Ижевск қаласының №88 мектебіне 1988 жылы туған ер адам баса-көктеп кіріп, оқ жаудырды. Күдікті сол жерде өз-өзіне қол жұмсаған. Соңғы мәліметтер бойынша, 17 адам қайтыс болды, ішінде 11 бала бар. Ондаған адам жарақат алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама