Halyq Uni логотип
×

«Ұлы дала жорығы» марафоны: 9-күн

Шабандоздар 900 шақырымды артқа тастады

 Дастан Жұмабекұлы 27.09.2022 | 15:17
«Ұлы дала жорығы» марафоны: 9-күн
фото: Halyq Uni

Кеше, 26 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонының тоғызыншы кезеңінде шабандоздар Түркістан облысына аяқ басып, Созақ ауданына қарасты Тайқоңыр ауылы маңына аялдады.

Марафон-бәйгенің тоғызыншы күнінің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 77 сағат 21 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау шабандоздары 77 сағат 31 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы финишке 79 сағат 52 минутта үшінші болып келді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазір жарыс сапында 8 команда, 25 жүйрік келе жатыр. Бір ескеретін жайт, шабандоздар Жошы хан басына аялдау үшін межелі кезеңде 75 шақырым жүріп өткен болатын. Қысқарған жол есебін толтыру үшін шабандоздар Созақ жерінде 120 шақырымды жүріп өтті.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Алматы қаласының командасы жарыс жолынан шығып қалған еді. Команда мүшелері жарыстан шығып қалған басқа командалар сияқты марафонды жеке дара жалғастыра алмайтынын айтты.

Марафон қатысушыларын қарсы алған Тайқоңыр ауылы қонақжайлық танытып, құрмет көрсетті. Бұл елді мекеннің бір ерекшелігі, ауылда жұмыссыз адам жоқ. Өйткені, ауыл тұрғындары «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы маңында орналасқандықтан, көбіне шет аймақтардан келген жұмыскерлер осы ауылда қалып жұмыс істейді.

Қазір Тайқоңыр ауылында 746 адам тұрады. 267 бала балабақшада тәрбиеленіп, мектепте білім алып жатыр. 66 жастағы зейнеткер Маргарита Жарасова осы Тайқоңыр ауылының тұрғыны. «Ұлы дала жорығы» шабандоздарының ауыл тұсында аялдайтынын естігелі бері ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүр.

Басты демеуші – Созақ ауданы әкімдігі. Сонымен қатар ауыл әкімдігі мен өндіріс орындары да қолғабыс берді. Шабандоздар аялдайтын құмды алаңның шөбін отап, топырағын нығарлап, тегістедік. Сумен, жем-шөппен шамамызша көмек те беріп жатырмыз. «Ұлы дала жорығына» ауылдың еңкейген қартынан, еңбектеген баласына дейін келдік. Бұл – тарих. Тарихымызбен астасқан салт-дәстүрімізді келер ұрпаққа аманаттауымыз керек. Мәдениет сарайының қызметкерлері осы алаңда шағын концерт беріп жатыр. Ауыл тұрғындары марафон-бәйгенің арқасында бір серпіліп қалды. Баяғыда осы Бетпақ далада сабантой деген қойшылардың тойы болатын еді. Сол кезеңді есіме түсіріп, ерекше толқып тұрмын, –  деді зейнеткер.

Оның айтуынша, Тайқоңыр ауылы 1980 жылдары аймақтағы өндіріс орынының ашылуымен байланысты құрылған. Ауылдың құрылу тарихына қатысты екі түрлі әңгіме айтылады.

Біреуі – аңыз, екіншісі – дерек. Баяғы заманда екі ағайынды болған екен. Біреуінің аты Байқоңыр, бауырының аты Тайқоңыр. Өсіп-өне келе, екеуі еншілерін алып, бөлек шыққан көрінеді. Осы маңай Тайқоңыр атты бауырының атымен аталған. Ал шындығына келсек, 80-жылдары Таукенттің директоры болған Кравцов ауыл ашамыз деп исполкомға тіркемекші болып, ойластыра келе өндіріс орны Байқоңырға ұйқастырып Тайқоңыр аталып кеткен, –  деді М.Жарасова.

Ал осы команияда отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ардагер қызметкер Шухрат Бексейітов уран өндірісінің орталығына айналған Тайқоңыр жайында былай дейді:

Бұл кәсіпорында жұмыс істегеніме 30 жыл болды. Созақ ауданы Тайқоңыр елді мекенінде уран өндіріледі. 1979 жылы Тайқоңыр барлау экспедициясы ашылды. Содан бері өңірімізде уран өндірісі біржола жолға қойылды. Жалпы, ауыл халқының жартысынан көбі осы саладан нәпақасын тауып отыр. Қалғаны мал шаруашылығымен айналысады. 500-ден 1000-ға дейін мал ұстайтын ағаларымыз бар. Созақ десе, жұрт өркениеттен шет қалған деп ойлайды. Шындығында, қарапайым жұмысшының өзі кемі 200 мың теңгеден аса жалақы алады, –  деді Ш.Бексейітов.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің ат спорты саласына үлкен серпіліс бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан құрама командасы мінген жүйріктер осы Созақтың жылқылары.

Жоба жайында естіген бойда бірден қатысамыз дедік. Түркістан құрама командасының шабандоздары да, аттары да осы Созақтан. 1200 шақырым болғандықтан шыдамды аттарды іріктеп алдық. Алғаш рет өткізіліп жатқандықтан дайындығымыз аз болды. Келесі жылы өткізілсе, бұдан да жақсы нәтиже көрсететінімізге сенімдімін. Жарысқа қазақтың кәдімгі жабы жылқыларын алып келдік. Бабаларымыз ат үстінде жүріп, жерімізді қорғады. Жігіттерімізді ата-баба рухына құран бағыштап, ауыл ақсақалдарының ақ батасымен жорыққа аттандырдық. Жоба ат спортына үлкен серпіліс берді. Әр қазақтың үйінде кемі екі-үш аттан болатын күнге де жетеміз, –  деді Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Бір ескеретіні, аудан топографиясы жазық, теңіз деңгейінен 150 - 200 метр биікте орналасқан. Сирек кездесетін өзен, көл немесе артезиандық су көздерінің маңындағы үлкен емес аудандарды есептемегенде, тал жоқ деп айтуға да болады. Содан да болар жел көтеріліп, бұрқылдаған май топырақ шаңдатып тұрып алады.

Аймақтың климаты – континентальды, қысқы және жазғы температура айырмашылықтары – 35 – тен + 40 °С дейін. Жел бағыты көбіне – шығыстан, солтүстік-шығыстан соғады.

Бүгін, 27 қыркүйекте Түркістан облысына қарасты Тайқоңыр ауылы маңынан аттанған марафоншылар, оныншы кезең айналымына жолға шықты. Кешке дейін Түркістан облысының аумағына жетіп, Созақ ауданы Ақсүме, Бақырлы ауылдарына ат басын тіреуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама