×

СҚО-да қар жауды: аудандардың бірінде екі жылу қазандығы істен шықты

Жылу орталығында төтенше жағдай жарияланды

 Самат Жақып 27.09.2022 | 13:25
Коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское елдімекенінде қыс түспей қазандықтар істен шықты. Соған байланысты жылу орталығында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Новоишимское – өңірдегі ең үлкен аудан орталықтарының бірі. Облыс орталығынан 260 шақырымдай жерде орналасқан. Мұнда бірнеше жылу қазандығы бар. Жақында «Черемушки» деп аталатын мөлтек ауданындағы жылу орталығында апат болып, 5 қазандықтың екеуі жарамай қалған.

Мүсірепов ауданының әкімі Серік Мұхамедиев бұл ақпаратты растады. Сондай-ақ қазір стратегиялық маңызы бар нысанда қалыпқа келтіру жұмыстары күні-түні тынбай жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Ауылдағы «Черёмушики» деп аталатын шағын ауданда орналасқан орталыққа 10 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Жылу беру маусымы жақындаған соң құбырларды жуып-шайып арнайы тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде екі қазандық істен шығып қалды. Сондықтан нысанда төтенше жағдай жариялауға тура келді. Осының нәтижесінде жалпы қуаты – 5,5 гигакалория болатын екі жаңа қазандық сатып алынды», - деді Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Серік Мақсұтұлы.

Айтуынша, құбырлар да ауыстырылады.

«Барлығына жергілікті бюджеттен 71 миллион теңге қаржы бөлінді. 10 күнде жұмысты аяқтаймыз. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Алаңдауға еш негіз жоқ. Барлық баспанаға уақытында жылу беріледі», - деді аудан әкімі.

СҚО-да ауа температурасы нөлге дейін төмендеді. Облыстың бірқатар аймағында қар жауды. Ал Новоишимское ауылына жылу 1 қазаннан бастап беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама