Елорда мәлихатының депутаттары 7 мектепке қазақ зиялыларының есімін беру туралы шешім қабылдап, республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс жолдады.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «Нұр-Сұлтан қаласының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру туралы мәселесі дауысқа салынды. Ұсыныс қолдау тапқан жағдайда әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізіледі
Жобада елордадағы 7 білім беру ұйымына қазақтың танымал тұлғаларының есімін беру ұсынылған:
- №11 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру;
- №60 мектеп-гимназияға археолог, тарих ғылымдарының докторы, белгілі академик Кемел Ақышевтің есімін беру;
- №2 балалар музыка мектебіне күміс көмей әнші, Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, келер жылы туғанына 100 жыл толатын Роза Бағланованың есімін беру;
- №3 балалар музыка мектебіне әйгілі опера әншісі, педагог, профессор Ермек Серкебаевтың есімін беру;
- №66 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанды ширек ғасырға жуық уақыт басқарған Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру;
- №83 мектеп-гимназияға қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы Ыбырай Алтынсариннің есімін беру;
- №77 мектеп-гимназияға ақын, халық жазушысы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Фариза Оңғарсынованың есімін беру.