Жылыой ауданы орталық ауруханасының екі дәрігері пәтерді жалға берген
Әлеуметтік желіде Атырау облысында дәрігерлерді қызметтік пәтерінен шығарып жатқаны туралы ақпарат тарады. Соған байланысты Жылыой ауданы әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«2016 жылдан бері қызметтік пәтерде тұрып жатырмыз. 4 балам бар. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отырмын. 22 қыркүйекте әкімдіктен екі әлеуметтік қызметкер келді. Аты-жөнімді сұрады. Қолындағы құжатына қол қойдырды. Ол жерде бір айдың ішінде қызметтік пәтерді босату қажет екені көрсетілген», - дейді дәрігер Салтанат Шамшенова желіде жарияланған видеода.
Жылыой ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Еркебұлан Аққұсов бұл хабарлама пәтерді босату қажет дегенді білдірмейтінін айтады. Оның сөзінше, дәрігерлер хабарламаны дұрыс түсінбеген.
«Бізге қызметтік пәтерде мамандардың өзі тұрмайтыны, үйлердің жалға берілгені туралы хабарлама түсті. Осыған байланысты тексеріс жүргізілді. Қызметкерлер пәтерді мақсатсыз пайдаланса, үйден сот арқылы шығарылады. Мұның пәтерде өзі тұрып жатқан мамандарға қатысы жоқ», - дейді Аққұсов.
Хабарлама дәрігерлерге ғана емес, ішкі істер органдары қызметкерлеріне, мұғалімдерге де жолданған.
Ал оның алдында Жылыой ауданы әкімі Жәнібек Қаражановтың Құлсары қаласы тұрғындарымен кездесуі кезінде дәрігер, мұғалімдерге берілген қызметтік пәтерлер жалға берілгені туралы шағым түскен.
Соған байланысты әкім «Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік мекемесіне тексеріс жүргізуді тапсырған.
Тексеріс барысында екі дәрігердің қызметтік пәтерді жалға бергені анықталды. Ол пәтерлер «Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі балансына қайтарылды.