Армения ҰҚШҰ-дан шығуы мүмкін
Ұйымның оқу-жаттығулары 28 қыркүйек пен 6 қазан аралығында болады
Армения Республикасының қарулы күштері елімізде болатын ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің оқу-жаттығуларына қатысудан бас тартты.
Бұл туралы Армения Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Армения Әзербайжанмен шекарада болеған қарулы қақтығысқа байланысты қарулы күштердің алдына қойған міндеттерін негізге ала отырып, ҰҚШҰ аясында Қазақстан Республикасында болатын оқу-жаттығуларға қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдады, – деп мәлімдеді ведомствода.
Қазір әлеуметтік желіде, Арменияның өзінде Қорғаныс министрлігінің осы мәлімдемесінен кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан мүлдем шығу туралы әңгіме болып жатыр. Бұл әңгіме АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Ереванға сапарынан кейін Парламентте басталған болатын.
Елімізде ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің оқу-жаттығулары 28 қыркүйекте басталып, 6 қазанда бітеді. Басқосу Жамбыл мен Алматы облыстарында болады.