Ижевскідегі мектепте қаза тапқандар саны 17 адамға жетті

Дастан Жұмабекұлы

Оның ішінде 11 бала мерт болса, 24 адам жарақат алды

фото: m24.ru

Ресейдің Удмурт Республикасының астанасы – Ижевск қаласындағы мектептегі атыста 17 адам мерт болып, 24 адам жарақаттанды.

Бұл туралы «Новая газета – Европа» хабарлады.

Сұмдық оқиғаның салдарынан 17 адам жан тапсырса, олардың төртеуі ересек кісілер, 11-і оқушылар болған. Ал жарақат алған 24 адамның екеуі ересек адам, 22-сі балалар. Қаза тапқандар арасында екі күзетші мен екі мұғалім бар.

Атыс тіркелген № 88 мектеп Пушкин көшесінде орналасқан. Оған қара киім киіп алған белгісіз ер адам сабақ жүріп жатқан кезде келген. Ол алдымен күзетшіні атқан, сосын кабинеттің біріне кіріп, оқушыларға қарата оқ жаудырған.

Тергеу комитеті шабуыл жасаушы қарақшының осы мектептің түлегі, Ижевскінің 34 жастағы тұрғыны Артем Казанцев екенін айтып отыр.

Сонымен бірге, оның сол бойда өзін өзі атып өлтіргені хабарланды. Тергеу комитетінің Telegram-дағы ресми арнасында оның денесі де көрсетілген.  Онда ол үстіне қызыл свастикасы бар футболка киген.

Удмуртия басшысы Александр Бречалов аймақта 29 қыркүйекте аза күні жарияланатынын хабарлады.