Мектепте өз оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен мұғалімге сот үкімі шықты

Халық үні

Сот сотталушының кінәсін мойындап, жәбірленушінің кешірім беруін жазаны жеңілдететін мән-жай деп санаған

Фото: stan.kz

Сарыағаш ауданында мектеп қабырғасында өз оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен информатика пәнінің мұғалімі сотталды. Үкім Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды, деп хабарлайды Экспресс К. 

24 жастағы ұстазға 9-сынып оқып жүрген оқушысымен бір емес, бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсті деген айып тағылды. Ол Қылмыстық кодекстің 122-бабының 3-бөлігі 1- тармағымен (16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекет жасау) кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен педагогқа екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған өмір бойына педагогикалық лауазымдарды атқаруға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды.

Сот сотталушының кінәсін мойындап, жәбірленушінің кешірім беруін жазаны жеңілдететін мән-жай деп санаған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.            

Айта кетейік, информатика пәнінің мұғалімі 9-сынып оқушысымен жыныстық қатынасқа түсті деген кезде жасөспірім қыз 15-те болған.