Ақтөбеде 65 жастағы әйел пәтерін сатып, АҚШ-тағы «күйеу жігітке» 36 миллион теңге аударған
Жәбірленуші әйел пәтерін сатып, шоттағы 36 миллион теңгеден астам қаражатты алаяққа аударып жіберген
Ақтөбенің Алға ауданының тұрғыны алаяқтарға алданып, 13 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Оған белгісіз біреу телефон шалып, өзін Астана қаласынанмын, тергеушімін деп таныстырған. Оның атына қомақты соммадағы несие рәсімделіп жатқанын жеткізген. Егер бұл жағдайдан хабарсыз болсаңыз, онда банк менеджерінің айтқанын істеңіз деп кеңес берген көрінеді.
«Ол алаяқтардың атына несие рәсімдеп жатқанын айтып, банк менеджерінің айтқанын орындауды сұраған. Бірнеше минуттан кейін менеджер қонырау шалып, смс–кодты айтуды сұраған. Ер адам кодты беріп, осылайша 13 миллион теңгесінен айырылып қалған», – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қаланың тағы бір тұрғыны 65 жастағы зейнеткер 36 миллион теңгесін интернет алаяқтарға аударып жіберген. Қария әлеуметтік желі арқылы АҚШ азаматымен танысып, оның арбауына түскен. Шетелдік азамат оған сыйлық пен ақша жіберемін деп жеке ақпараттарын алған. Кейін кедендік БАЖ салығын төлеу үшін қаражат керек деген желеумен 36 миллион теңгесін қағып алыпты. Зейнеткер әйел өз пәтерін сатып, барлық жиған -тергенін танымайтын адамның есеп-шотына өзі аударған.
«Сонымен қатар «күйеу жігіт» зейнетке шыққан соң Қазақстанға көшетініне сендірген. Жәбірленуші әйел пәтерін сатып, шоттағы 36 миллион теңгеден астам қаражатты алаяққа аударып жіберген. Осы дерек бойынша алдын ала тергеу басталды», – дейді Ақтөбе облыстық полиция басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.