Тоқаев Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады

Халық үні

Соңғы мәліметтер бойынша Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте болған атыстан 17 адам қаза тапты, оның 11-і оқушы

Фото: tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ижевск қаласындағы мектепке жасалған шабуыл салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Владимир Путинге көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда. 

Ресей Федерациясының Ижевск қаласындағы №88 мектепке жасалған қарулы шабуыл салдарынан азаматтардың, соның ішінде балалардың қаза табуы туралы қайғылы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, Сізге және қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

Соңғы мәліметтер бойынша Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте болған атыстан 17 адам қаза тапты, оның 11-і оқушы. Ауруханаға түскен 16 оқушының 9-ы жансақтау бөлімінде жатыр.

Ресейдің Тергеу комитеті Ижевскіде атыс шығарған ер адамның 1988 жылы туған Артем Казанцев есімді сол мектептің түлегі екенін мәлімдеді. Комитеттің мәліметінше, Казанцев сол жерде өз-өзіне қол жұмсаған.