Астанадағы үздік даяшының қай мейрамханада жұмыс істейтіні анықталды
Даяшылар 4 кезең бойынша бақ сынады
Астанада «Үздік даяшы – 2022» байқауы өтті. Ол елорда әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Байқау нәтижесі бойынша Ира Калиновская жеңімпаз атанды.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» басшысы Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, бұл қызмет саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсетіп, ынталандыру үшін ұйымдастырылды. Сонымен қатар байқауда жеңімпаз атанған қатысушыларға бағалы сыйлық және сертификат табысталды.
«Алғашқы үш орын алған жеңімпаздарға қаржылай сыйлық, сертификат беріледі. 1-орын алған жеңімпаз 500 мың теңгеге дейінгі сыйлыққа ие болады. Ал 2-орын алған даяшы 350 мың теңге алса, 3-орынға 150 мың теңгенің сертификаты беріледі. Бұл бастама қазір пилоттық негізде өтіп жатыр. Келешекте сұраныс туындап, көптің көңілінен шықса, дәстүрлі түрде ұйымдастырлады», - деді Тілеулин.
Сондай-ақ жеңімпаздар байқау кезінде берілген сертификатты біліктілігін арттыру мақсатында қолдана алады.
Үздік даяшы 4 кезең бойынша анықталды. Осы салада қызмет етіп жүрген 8 даяшы өзінің біліктілігін көрсетіп, бақ сынады. Ал әділқазылар ішінде «Millionaire» ресторанының басшысы Әнел Мұсағалиева мен бас аспазы Алексей Ким болды.
Бірінші кезеңде олар қонақтарға арналған үстелді жабдықтап, ыдыстарды рет-ретімен қойды. Екінші кезеңге бокалға су құюды, тәтті сусындарды қалай ұсынуды көрсетті. Ал үшінші кезеңде даяшылар балықтан жасалған тағамды ұсынып, қонақтарға қызмет көрсетті.
Төртінші кезеңде даяшы қызметінің қалай пайда болғаны туралы қаншалықты білетіні тексерілді.
«4 жылдан бері даяшы болып жұмыс істеймін. Бүгін аздап қобалжыдым, соған байланысты қателік жасадым. Қай жерде қателік жібергенімді кейін түсіндім. Ең бастысы жеңу емес, қатысу», - деді байқау қатысушысы Ерасыл Тоғанбаев.
Осылайша «Millionaire» ресторанының даяшысы Ира Калиновская «үздік даяшы» атанды.
Байқау нәтижесінде «Меруерт» мейрамханасының қызметкері Диана Азатоваға «ең жас даяшы», «Астау» мейрамханасында жұмыс істейтін Ерасыл Тоғанбаевқа «харизмасы бар даяшы», Қанат Рыспекке «болашағы бар даяшы» номинациясы берілді.
Жастар саясаты мәселесі басқармасының қолдауымен «Үздік» жобасы аясында 15 номинация бойынша бес бағытта байқау өткізу жоспарланған. Бұған дейін елордада «Үздік шиномонтаж – 2022» байқауы өтті. 27 қыркүйекте «Үздік бариста – 2022» анықталады. Сондай-ақ «Үздік жүк көтеруші» және «Үздік сантехник» байқаулары ұйымдастырылады.