Айдын Рахымбаев Ресейдегі мобилизациядан қашып келген этникалық қазақтарға жатақханадан орын беретін болды

Халық үні

Айдын Рахымбаев қандастарға Астана, Атыраудағы жатақханалардан орын берілетінін хабарлап, жекесіне хабарласуын сұрады

Фото: forbes.kz

Белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев Ресейдегі әскерге жұмылдыру науқанынан қашып, елімізге келіп жатқан этникалық қазақтарға жатақханадан орын беретінін мәлімдеді.

Қандас бауырлар! Соңғы күндері көрші елде болып жатқан жағдайлар бізге де ауыр тиіп жатыр. Әскерге жұмылдыру деген сұмдық нәрсе ғой. Әсіресе Орынбор, Омбы, Астрахан өңірлеріндегі майданға жүздеген бауырымызды алып кетіп жатыр екен. Жасын да, кәрісін де.Обал-ай.Кеткендердің көбісі аман келмейтіні анық қой, - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

BI-Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы қандастарға Астана, Атыраудағы жатақханалардан орын берілетінін хабарлап, жекесіне хабарласуын сұрады.

Біз жігіттермен келген әскер жасындағы қандастарға Астана, Атыраудағы жатақханалардан орын мен тамағын беріп, көмектесейік деп шештік. Елге қарай жетсе болды ғой. Ағайындар, қазір сөз бен дау көп, бірақ көп дауласпай, бауырларымызға қолдау көрсетейік. Осындай жағдайда бір-бірімізге көмектеспесек, қашан көмектесеміз. Осы жағдайға тап болған бауырларымыз болса, жекеге жазыңыздар. Қажетті ақпаратты жібереміз, -деп сөзін аяқтады Айдын Рахымбаев.

Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерге жасаған үндеуінде Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін әскерінің бір бөлігін мобилизациялау туралы шешім шығарған еді. Осыдан кейін ресейліктер елін тастап, басқа елдерге үдере көшті, олардың басым бөлігі Қазақстанға келіп жатыр.