Алматы марафонында тегі африкалық азамат мәреге бірінші болып жетті
Биылғы жарысқа 12 мың адам қатысты
Алматы марафонда жаңа рекорд тіркелді. Рекордты тегі африкалық азамат Шедрак Кимутай Коеч жаңартты. Ол бұған дейін Кенияның атынан жарыстарға қатысқан болатын. Енді Қазақстанның азаматтығын алып, Шығыс Қазақстан облысының атынан жүгіруден жарыстарға қатысып келеді.
Рекорд туралы Алматы марафонына арналған порталда жарияланды. Сонымен бірге ол шара ұйымдастырушыларының Instagram-дағы парақшасында хабарланды.
Достар, жаңа рекорд тіркелді. Шедрак Кимутай Коеч Алматы марафонында 42 шақырымда жаңа жол рекордын орнатты. Ол 42 шақырымды 2 сағат 21 минут 27 секундта жүгіріп, мәреге бірінші болып келді. Жаңа рекорд үшін жеңімпаз 100 000 теңге көлемінде бонустық ақшалай сыйлық алды. Біз жарысқа қатысқан барлық азаматарды құттықтаймыз! Жеңімпазды жаңа жол рекордымен, ал сіздерге қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз, – делінген хабарламада.
Алматыдағы биылғы марафонға 12 мың адам қатысты.