Қайрат Сатыбалды алты жылға сотталды
Ол тағылған айыптарды мойындады
Бүгін елорданың Байқоңыр аудандық соты Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі мерзімін қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қайрат Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.
Атап айтқанда, «Көлік қызметі орталығы» АҚ мүлкін талан-таражыға салғаны үшін Сатыбалдыұлы Қ., Мұхамбеджанұлы М., Бекетова Г және «Казақтелеком» АҚ мүлкіне зиян келтіргені үшін Сатыбалдыұлы Қ., Коңырбаев Ч.С., Муравьева Л.А. қатысты үкім шықты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін прокурор Қайрат Сатыбалдыны алты жылға соттауды сұрағаны хабарланған еді.
Оған орташа қауіпсіз түзеу мекемесінде алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.
Сонымен қатар Қазақстан Презиедентіне Қайрат Сатыбалдының мемлекеттік наградалары «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
Ал Марат Мұхамеджанов пен Ғани Бекетовтің әрқайсысын 6 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Шыңғыс Қоңырбаев пен леонид Муравьев 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру үкімі шықты, жаза шартты мерзім саналады.
Айта кетейік, сонымен қатар бүгін Қайрат Боранбаевты қамау мерзімі бір айға ұзартылған еді.