Ол шүріппені баспас бұрын «Енді бәріміз үйге қайтамыз!» – деген
Ресейдің Иркутск облысындағы Усть-Илимск қаласының әскери бөлімінде 25 жастағы жігіт әскери комиссия басшысының басына 6 рет оқ атқан. Бұл туралы ақпарат Mash Telegram арнасына жарияланды.
Оқиға куәгері атыстың Усть-Илимск әскери комиссариатында болғанын айтады. Күдікті көп ұзамай қолға түскен. Ол жергілікті тұрғын Руслан Зинин болып шықты. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, ол шүріппені баспас бұрын «Енді бәріміз үйге қайтамыз!» – деген.
Оқиға куәгерлері әскери бөлімде металл тексеретіндердің болмағанын айтады. Ал жігіттің анасы Марина Зинина оның қолдан жасалған шолақ мылтық сияқты қаруды қайдан алғанын білмейді. Ұлы туралы жаңалықты естігенде абдырап қалған.
«Руслан соңғы күндері әжесімен бірге тұрды. Таңертең әжесіне әскери бөлімге ерікті ретінде баратынын айтып кеткен. Ал оның өзіне әскерге шақырту келмеді. Тек оның ең жақын досы мобилизациямен әскерге шақыртылған. Осы жаңалыққа Руслан қатты мұңайып еді. Әскери бөлімге кеткен соң хабарсыз болды», - дейді анасы.