×

Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынады – министрлік

Оның 101-і Түркістан облысына жөнелтіледі

 Динара Амантай 26.09.2022 | 14:31
Фото: azattyq-ruhy.kz

Елімізде мектебі жоқ немесе бастауыш мектебі ғана бар ауылдардың балаларын жақын маңдағы білім беру ұйымдарына қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Балаларды қауіпсіз тасымалдау - біздің бақылауымыздағы маңызды мәселелердің бірі және біз осы мәселені үнемі көтеріп келеміз. Биыл Балалар жылы аясында қауіпсіздік талаптарына сай келетін 515 жаңа автобус сатып алу үшін республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған, – деді Дулат Жекебаев.

Комитет төрағасының орынбасары автобустарды сатып алуға бөлінген қаржыны игеру жергілікті әкімдіктердің құзыретінде екендігін айтады. Қоғамдық көліктер елімізде құрастырылатын болғандықтан, қомақты тапсырыс отандық автоөндіріс саласын дамытуға да үлкен үлес қосатынына сенімді.

Сөзінше, ең бастысы балаларға қауіпсіз, жайлы автобустармен қатынауға жағдай жасалынады.

«Жаңа автобустар Ақмола, Ақтөбе облыстары сияқты бірқатар өңірге жеткізіліп, таратылып жатыр. Біз еліміздің барлық аймағындағы мектеп автобустарын кезең-кезеңімен жаңартамыз. Бірінші кезекте проблема бар өңірлерді автобуспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, 515 автобустың 101-і Түркістан облысына жөнелтіледі», – Дулат Жекебаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама