Грузия Ресеймен шекараны ашық қалдырды
Жоғарғы Ларса бекетінің РФ жағындағы беткейінде төрт тәуліктен бері жеңіл көліктер кептелісте тұр
Грузия билігі елдің Ресеймен арадағы шекарасының дүйсенбіден бастап жабылуы мүмкін екені туралы мәліметті растамады.
Бұл туралы «Новости-Грузия» хабарлады.
Шекараның жабылуы мүмкін деген хабар оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының депутаты Нона Мамулашвилидің украинның «Freedom» телеарнасына берген сұхбатынан кейін тарай бастады.
Ол Грузияның Ресеймен арадағы шекараны әскерге шақырылатын жастағы ресейліктер үшін жапқалы жатқаны туралы біреуден естігенін айтқан еді. Ал Қаржы министрлігінің табыс қызметі Ресеймен шекарадағы өткізу бекетінің тәуліктік режимде кідіріссіз жұмыс істей беретінін мәлімдеді.
Қазір Жоғарғы Ларса бекетінің Ресей жағындағы беткейінде төрт тәуліктен бері жеңіл көліктердің орасан зор кептелісі қалыптасқан. Ол Путиннің мобилизация жөнінде жарлық шығарған күнінен, 21 қыркүйектен басталған. Грузия билігі осы күндері Ресейден қанша адамның келіп кіргенін әзірге айта қойған жоқ. Ресей тарапының мәліметі бойынша, Жоғарғы Ларса бекетінен күнінен екі мыңға дейін жеңіл көлік өтеді екен.
Ресейден қашып жатқандар Грузиядан басқа, Финляндия, Беларусь, Молдова, Моңғолия, Қазақстан, Өзбекстан елдеріне барып жатыр.