Өрттің ауданы анықталуда
Алматы қаласында Медеу ауданында орналасқан «Көк-Жайлау» шатқалында өрт шықты. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бүгін, 26 қыркүйекте сағат 09.44-те 112 пультіне Медеу ауданы «Көк-Жайлау» шатқалында (биіктігі 1720 метр) алдын ала мәлімет бойынша құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Хабарламаға байланысты жоғары ранг бойынша Алматы қаласы ТЖД, Іле-Алатау МТҰП қызметкерлері жұмылдырылды. Оқиға орнына көлікпен бару мүмкіндігі болмағандықтан, құтқарушылар жаяу көтеріліп жатыр, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге ТЖМ-нің өкімімен жедел ден қою үшін «Қазавиақұтқару» АҚ су ағызу құрылғысы бар тікұшағы да жұмылдырылғаны белгілі болды.
Сағат 13:03-де Көк -Жайлау шатқалындағы өрт сөндірілді. Өртті сөндіруге Алматы қаласы ТЖД жеке құрамынан 56 адам, 13 бірлік техника, ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы, «Қазавиаорманкүзеті» АҚ 6 адам, 55 мемлекеттік инспектор, Іле-Алатау МҰТП қызметтік ат патрулі жұмылдырылды.
Өрт шыққан аумақтың биікте орналасуы, оған жетудің қиындығы өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқан.