Қазір байланыс орталығына 1 200-ден аса адам қоңырау шалып үлгерген
Оқу-ағарту министрлігі 1450 нөмірі бойынша білім беру мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының жұмысын ұйымдастырды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Демалыс күндері – сенбі және жексенбі.
Өңірлік білім басқармалары бірыңғай байланыс орталығына екінші желі арқылы қосылған. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер оны шешу үшін бірден білім басқармаларына жіберіледі.
Бүгінде байланыс орталығына 1 200-ден аса қоңырау шалынды. Азаматтарды көбінесе балабақшадан орын алу үшін кезекке қалай тұру керектігі қызықтырады. Бұл мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жүргізеді. Сондай-ақ ең өзекті тақырыптар білім туралы құжаттарды қалпына келтіру, мектептегі тамақтандыру мәселесі, балаларды бір мектептен екіншісіне ауыстыруға қатысты болып отыр.