Халықтың 50,57%-ы бұл ұсынысты қолдады
Швейцарияда әйелдердің зейнет жасын 64-тен 65 жасқа көтеру бойынша референдум өтті, деп хабарлады Deutsche Welle.
Швейцария Үкіметінің мәліметінше, барлық кантонда дауыстарды санау аяқталған. Тұрғындардың жартысынан көбі, яғни 50,57%-ы өзгерісті қолдады.
Сондай-ақ швейцариялықтар зейнетақы қорындағы қаржы тапшылығын болдырмау үшін қосымша құн салығын арттыруға да дауыс берді.
Енді әйелдер ерлер сияқты 65 жасқа дейін жұмыс істейді. Тұрғындар зейнетақы реформасының 2 элементін қолдады, - деп жазылған хабарламада.
Швейцария экономика министрлігінің дерегінше, 2020 жылы әйелдер ерлермен салыстырғанда орташа есеппен 35%-ға аз зейнетақы алады.
Сауалнама барысында ерлердің 70%-ы зейнетақы реформасын қолдайтынын көрсетті, ал әйелдер арасындағы көрсеткіш – 42%.
Салықты көтеру ұсынысын дауыс берушілердің 55%-ы қолдаған.