Рейдерлік әрекеттерге қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде танылған
Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин қамауға алынды.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ол алаяқтық жасады, салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды, қаржыны жылыстатты деген күдікке ілінген.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Ерлан Нығматулин қазір қамауда отыр екен. Сонымен қатар, прокуратура қайда екені анықталмаған Нұрлан Нығматулинді де тергеуге шақырмақ. Соңғы деректерде оның 7 қыркүйекте БАӘ-де жүргені айтылған.
Бұған дейін Мәскеу адвокаттар алқасының адвокаты Мәулен Әлімбаев Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин мен оның сыңары Ерлан Нығматулиннің рейдерлік әрекеттерге қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде танылғанын хабарлаған болатын. Тамыз айында өткен баспасөз мәслихатында ол қылмыстық істің желісі екі ірі кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков пен Ерлан Нығматулиннің қарым-қатынасында екенін түсіндірген.
Істі Антикор тергеп жатыр және ол осы жылдың сәуір айында басталған. Ерлан Нығматулин рейдерлікпен Сұлтанбековке тиесілі демалыс орнын тартып алған көрінеді.
Еске сала кетсек, балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 2012 жылы Ерлан Нығматулинмен араздасып қалған. Осыдан кейін Сұлтанбеков 21 жылға түрмеге жабылды. Оның 10 жылын өтеді.